Астанада 20-21 маусым аралығында Халықаралық волонтерлер форумы аясында «Халықаралық волонтерлік бастамалар: тәсілдер мен тәжірибелер» сессиясы өтті.
Ең басты мақсаты – волонтерлік қозғалыс бағытындағы өңірлік көшбасшы ретінде басқа елдермен тығыз байланыс орнату, ақпарат пен тәжірибе алмасу, волонтерлер алдында халықаралық деңгейде тұрған мәселелерді бірге ортаға салып шешу.

Сессия аясында ірі шетелдік ұйымдардың өкілдері: АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы хатшысының орынбасары Дәурен Абаев, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, UNFPA өкілділігінің Басшысы, Түрікменстан мен Қырғызстандағы еларалық директоры Ронни Линдстром, БҰҰЕ аймақтық маманы Эмилия Асадова, Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы әйелдер кәсіпкерлігі бойынша маман, Финляндия Катариина Йарви, Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және басқалар сөз сөйледі.

БҰҰ Қазақстан Республикасындағы тұрақты үйлестірушісі Фриберг Сторидың бейбітшілік, қауіпсіздік және даму саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. Соңғы уақытта «Халықаралық Қызыл Крест» және «Қызыл Жарты Ай» қозғалысы үшін гуманитарлық операциялар мен дипломатияны стратегиялық басқарумен айналысты. Швеция Үкіметі жанындағы бейбітшілік, қауіпсіздік және даму агенттігінің қауіпсіздік секторын реформалау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Швеция Сыртқы істер министрлігінің қауіпсіздік саясаты департаментінде жұмыс істеді.

Пікірталас барысында Форум қатысушылары халықаралық волонтерліктің дамуы, оның практикалық тәсілдері мен халықаралық волонтерлік бастамаларды іске асыру бойынша проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.