Skip to content
Басты бет » «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдауымен Атырау облысының көпбалалы аналарына тегін кәсіптік курстары басталды

«Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдауымен Атырау облысының көпбалалы аналарына тегін кәсіптік курстары басталды

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы «Әрекет» жобасын бастады.

Жоба аясында жалғызбасты, көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер өздерінің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдыларды игеріп, нақты көмек ала алады. Алғашқы дәрістің қатысушыларын «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері келіп құттықтады.

Жоба аясында 100 әйелге арналған оқыту курстары ұйымдастырылып, одан кейін түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіледі. Жоба 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі аралықта жүзеге асырылуда.

Шалғайдағы ауылдар мен аудандардың тұрғындарын осы бастамамен таныстыру мақсатында Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамба, Ақсай, Қайыршақты елдімекендерінің және Атырау қаласының тұрғындарымен кездесулер өткізді.

6 апталық оқу курстары негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Негізгі бағыттарға келесі мамандықтар кіреді: «Тігін», «Аспаздық», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері». Қосымша курстар «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша қарастырылған. Сонымен қатар, жоба түлектеріне 3 ай бойы тәлімгер-кураторы бірге жүріп қолдау көрсетеді.

Оқу аяқталғаннан кейін түлектер 100% өз ісін ашуға тауарлар түрінде грант иеленсе, олардың кемінде 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алып, 30%-ы жұмысқа орналасады.

Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы 2013 жылдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта қауымдастық шағын және орта бизнестің іскер әйелдерін, көпбалалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдерді қолдау мақсатында бірқатар жобаларды іске асыруда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.