Жаңалықтар

Атырауда бір күнде 43 литр қан тапсырылды


Бүгін, 9 тамызда «Атырау облыстық қан орталығы» мекемесінде «Өзгеге өмір сыйла» атты донорлық қан тапсыру акциясы өтті. Акцияның мақсаты – осындай шаралар арқылы ұжымдық белсенділікті арттыру және қанға мұқтаж жандарға көмек көрсету. Шараны Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» ұйымдастырды.

Акцияға әр түрлі саладан қала тұрғыны мен «Ембімұнайгаз» АҚ, «Тенгизшевройл», «Каспиймұнайгаз» АҚ, «GATE» мұнай компанияларынан 101 қызметкерлері қатысты. Оның ішінде 90 адам донор болып, 43 л қан тапсырды. Донорлар тапсырған қан хирургиялық аурулар, гемотологиялық, гинекологиялық ауруларға және ауыр жол апатына түскен жандарға шұғыл түрде құйылады.
image

2019 жыл бойынша Атырау облыстық қан орталығында 7 000 донор жоспарланған. Соның ішінде, жыл басынан бері тамызға дейін 3730 донор қан тапсырып, орталықтың қоры 30-40 литр қанмен толықтырылып отыр.
image

Донорлық – өз қаныңды мұқтаж жанға сыйлау, оның өмірін құтқару. Кез келген адам қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі.
Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдерде - 110 г/л, еркектерде - 120 г/л) уақытша донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар, эндемиялық аудандарға барып келгендердің донор болуына уақытша шектеу қойылады.
image

Айта кетейік, шетелдік сарапшылар мәлімдеуінше, Қазақстандағы қан тапсыру қызметі ТМД елдер арасында қан дайындау, оны өңдеу бойынша үздік бестікке кіреді. Ал Атырау облыстық қан орталығы IV санаттағы кәсіпорын саналады.