Жаңалықтар

«Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі инклюзивті қолдау сыныптарын ашты

«Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі Атырау қаласындағы №3 және №24 орта мектепте психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген, аутизмі бар балалар арнайы маманның сүйемелдеуімен қалыпты балалармен бірге, бірдей деңгейде білім алуына мүмкіндік жасайтын инклюзивті қолдау сыныптары салтанатты түрде ашылды.
Ашылу салтанатына «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (НСОС) компаниясы сыртқы байланыстар менеджері Жағыпар Егізбаев, халықпен байланыс бөлімінің жетекшісі Альбина Мухамбетова және Атырау облыстық білім беру басқармасы бөлім басшысы Анар Маратқызы, Атырау қалалық білім беру бөлімі басшысы Фаруза Гарифуллақызы, облыстық мәслихат депутаты, «Білім» бағыты бойынша партиялық куратор Нұрлы Тельманқызы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Данагүл Жайлаубаева, мектеп директорлары, мұғалімдер және ерекше балалардың ата-аналары қатысты.
image

Инклюзивті қолдау сыныбының жасақталуына бас демеушілік көрсеткен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы сыртқы байланыстар менеджері Жағыпар Егізбаев өз кезегінде ерекше балалардың білім алуына осындай мүмкіндіктер жасалғандығына ризашылығын білдіріп, әрқашан маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды қолдауға әзір екендіктерін жеткізді.
Ерекше балалардың ата-аналары «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігі ұжымына, бас демеушілік танытқан «НСОС» компаниясы өкілдеріне алғыстарын жаудырды.