Жаңалықтар

Атырауда заңгер кеңесіне сұраныс көп

Атырау қаласының тұрғындары еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, заңгер кеңесін онлайн режимде тегін алуда.
ҚР-ның Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық  бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар өткізу» мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – тұрғындар арасында сұранысқа ие.
Кеңес беру кабинетіне жазылған тұрғындар несиелер бойынша төленген комиссияларды қайтару, тауарлар және әр түрлі қызмет көрсетулер бойынша шағымдарымен жүгінді. «Адамгершілік» қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер С.Рахимованың айтуынша, негізінен, бұл жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанымен, оның аясында тәжірибелі заңгерлер құқықтық көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беруден бас тартпайды. Жол-көлік қозғалысы, қылмыстық құқық, сақтандыру мәселелері, банктермен және коллекторлармен келіспеушіліктер, еңбек даулары, отбасылық құқықтық қатынастары бойынша да тегін заң кеңестерін беріледі.
-       « Кеңес алуға келген тұрғындардың көпшілігі мәселелерінің шешімін тауып, ризашылығын білдіріп жатыр. Бұл жоба тұрғындардың сұранысы бойынша жыл соңына дейін жалғасын табады», - дейді қордың заңгері Д.Ульжагалиева.

Сондай-ақ, қордың арнайы сайтына кез келген адам құқықтық сауалын қойып, сұрағына 10 күн ішінде жауап ала алады.