Жаңалықтар

Атырау тұрғындары Жайық өзенінде өлі балықтарды жинауға қатысты

Атыраулықтар демалыс күндері ертемен Жайық жағалауына жиналып, резеңке етік киініп, өлген балықтарды жинауға кірісті. Ол үшін еріктілерді жинайтын төрт орын белгіленіп, екі күн ішінде шамамен жарты тоннаға жуық балық өлексесі жиналған. Шара үйлестірушілерінің бірі Мира Есниязованың айтуынша, жұмысқа кіріспес бұрын жиналғандарға төтенше жағдай қызметінің инспекторы нұсқаманы түсіндірген. Қаланың басқа тұрғындары да қарап қалмай, өзен тазалап жатқандарға су мен тамақ әкеліп тұрыпты. Бұған дейін облыстық әкімдікте Атырау аумағындағы балықтың жаппай қырылуын тексеруге арналған ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өткен болатын.
image
image

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы хабарлағанындай, бүкіл өзеннің бойындағы өлі балық бұдан әрі табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өзенде пайдаланатын техникасымен жиналады.
image
Шара кезінде анықталған барлық мәліметтер құқық қорғау органдарына тапсырылып, бұл деректер осыдан бұрын көтерілген қылмыстық іске қосылмақ. Жалпы, өлі балықты жинау жұмысы Жайық өзені толық ерігенге дейін жалғасады.