Жаңалықтар

Екі күндік қан тапсыру акциясы өтті

«Атырау облыстық қан орталығы» мекемесінде екі күндік «Өзгеге өмір сыйла» атты донорлық қан тапсыру акциясы өтті. Акцияға әр түрлі сала қызметкерлерінен 80-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Оның ішінде 70-ке жуық адам донор болып, 33 л қан тапсырды. Қан тапсырған донорларға Азаматтық орталық атынан арнайы тәттілер таратылды.


Атырау облысы қан орталығы директорының орынбасары Жаңылсын Шиндаулованың айтуынша, Атырау облыстық қан орталығында жылына 6579 адам донор болуға келеді. Соның ішінде, 483 тұрақты донор бар. Үш ай сайын олар орталыққа қан тапсырып отырады. Ал жыл басынан бері орталыққа 3525 адам донор болып, 1808 л қан тапсырған.


Сондай-ақ, бүгін 14 маусым – Донорлар күніне орай Атырау облыстық қан орталығында белсенді донорларды мерекемен құттықтау мақсатында концерттік шара ұйымдастырылды. Шарада белсенді донорлар арнайы сыйлықпен марапатталды. Бұл шараға «Өмір гүлі» және «Мен бармын» қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары да атсалысып, өз өнерлерін көрсетті.