Жаңалықтар

Атыраулық үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысқан "АқЖайықCamp 2019" тренингі өтті

7-8 қыркүйек күндері Орал қаласында атыраулық үкіметтік емес ұйымдары өкілдері арасында «AkZhaiykcamp19» екі күндік семинар-тренингі өтті.

Семинар-тренингтің мақсаты - түрлі бағытта белсенді әрекет ететін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік бағыттағы жұмыстар мен қаржылық сауаттылықтарын арттыру, тың идеяларының жүзеге асуына жәрдемдесу, фандрайзинг (жобаға қаржы көздерін тарту) бағыты бойынша тәжірибе алмасу. Бұл шараға қатысу үшін атыраулық үкімет емес ұйым өкілдері сайтқа өтінім қалдырды. 75 ҮЕҰ өтініш тапсырып, конкурс ережесіне сәйкес комиссиялық іріктеуден өткен 40 үкіметтік емес ұйым өкілі осы шараға қатысты. Атырау қаласынан Орал қаласына жету үшін қатысушылар арнайы автобуспен барды. Ұйымдастырушылар Орал қаласына жеткен соң қатысушылардың табиғат аясында әсерлі танысу кешін ұйымдастырды.
image

Шараның екінші күні атыраулық ҮЕҰ өкілдері Ұлыбританиядағы Фандрайзинг институтының мүшесі, қазақстандық фандрайзер Индира Шахтың «Жобалық өтінім деген не? Жобаның нәтижесі мен тиімділігі қандай?» тақырыбында семинар-тренингіне қатысты. Әрбір қатысушы өзінің қазіргі бастаған немесе ойында жүрген жобалық идеяларын тренермен ақылдаса отырып, мақсаты мен нәтижесін бірге талқылады. Командаға бөлінген қатысушылар өзара жарыса отырып, жақсы жобалық өтінімнің тиімділігі мен мақсатын түсініп шықты.
image
image

Семинар-тренинг біткен соң Азаматтық орталық ұжымы қатысушыларды Орал қаласының көрікті жерлеріне аралатты. Шара соңында қорытынды кеш ұйымдастырылып, әрбір қатысушыға Азаматтық орталықтың директоры Әмина Жәрдемқызы сертификат табыстады.
Айта кетейік, фандрайзинг – өз бағдарламаларын іске асыру және мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті ресурстар алуға бағытталған қызмет.