Жаңалықтар

Тегін заң кеңестері беріледі

"Адамгершілік" қоғамдық қоры үстіміздегі жылы ҚР-ның Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның «Атырау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар өткізу» мемлекеттік грантын ұтып алған болатын. Осы грант аясында 2020 жылдың наурыз айынан бастап іске асырылуда. 
Жобаның басты мақсаты - Атырау облысының тұрғындарына арналған тегін құқықтық кеңес беру, әр тұрғынның кез-келген жағдайда өзінің құқықтары мен міндеттерін білуіне мүмкіндік жасау, заңға қайшы әрекеттерді жасаудың алдын алуға үйрету, мәселелердің заң шеңберіндегі шешімін табуға жәрдемдесу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан жоба бойынша тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қорғау (консультациялар, өтініштер, шағымдар) үшін тегін заңгерлік кеңес беру кабинеті ашылды. Қабылдау айына 3 рет әр аптаның бейсенбі күндері сағат 9:00-18:00 ге дейін Атырау қаласы, Гурьев көшесі 5в ғимаратының 35 кабинетінде жүргізіледі. Жобаға тартылған заңгерлердің көмегімен тұтынушылар өз мәселелерін тез шеше алады.
Тұтынушылар арасында инфографикалық схемалар нұсқаулығы күнделікті қолданысқа енеді. «Адамгершілік» қоғамдық қорының арнайы сайтына кез келген адам құқықтық сауалнамасын қойып, сұрағына 10 күн ішінде жауап ала алады. Және тікелей қабылдауға жазылған тұрғындарды Атырау қаласының белгілі заңгерлері С.Рахимова және Д.Ульжагалиева қабылдады. Наурыз айынан бастап 20 адамға құқықтық кеңес берілді. Кеңес беру кабинетіне жазылған тұрғындар несиелер бойынша төленген комиссияларды қайтару, тауарлар және әртүрлі қызмет көрсетулер бойынша шағымдарымен жүгінді. Кеңес алуға келген тұрғындардың көпшілігі мәселелерінің шешімін тауып, ризашылығын білдіріп жатыр. Бұл жоба тұрғындардың сұранысы бойынша жыл соңына дейін жалғасын табады. Негізінен бұл жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, оның аясында тәжірибелі заңгерлер құқықтық көмекке мұқтаж аз қамтылған жандарға көмек беруден бас тартпайды. Жол-көлік қозғалысы, қылмыстық құқық, сақтандыру мәселелері, банктермен және коллекторлармен келіспеушіліктер, еңбек даулары, отбасылық құқықтық қатынастары бойынша «Адамгершілік» қоғамдық қорының заңгерлерімен тегін заң кеңестері беріледі.