Жаңалықтар

Аудандағы ҮЕҰ өкілдеріне сертификат табысталды

Аудандағы ҮЕҰ өкілдеріне және азаматтық орталық мамандарына 2 күндік іс-сапар өткізілді. Шараның алғашқы күнінде қатысушылар Азаматтық орталықтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, педагог-психолог Шынар Төкенова қатысушыларға "Танысу алаңы" тренингін өткізді. Өңірімізде белсенді жұмыс жасап жатқан қоғамдық бірлестіктердің жұмысымен танысты. Солардың бірі - "Мөлдір көз" көзі көрмейтін мүгедектер қоғамдық бірлестігі. Жетекшісі Жолдас Гумаров келген қонақтарға бірлестіктің тыныс-тіршілігін көрсетті. Бұдан кейін "Сәулемай" қоғамдық қорының жетекшісі Сәуле Ерниязова қор ашу туралы өзінің тәжірибесімен бөлісті.
image

Іс-сапардың екінші күні аудандық азаматтық орталықтың мамандары «Болашақ К» ребелитациялық орталыққа барды. Жетекшісі Жібек Бисенова орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оның айтуынша, орталықтағы мамандар жиі біліктілік арттыру курстарынан өтіп отырады.
image

«Жалпы, біздің бұл орталықта көптеген мамандар, соның ішінде, психолог, массажист, дефектолог, логопед, т.б. мамандар жұмыс істейді. Баланың денсаулығына салғырт қарауға болмайды. Бізге келушілер өте көп. Қазір ДЦП, аутизм секілді түрлі диагнозбен келіп жатыр. Олардың барлығына бірдей көмектескіміз келеді. Бірақ бізде аутизм саласында оқыған маман жоқ. Осы олқылықты жөндегіміз келеді.Алдағы уақытқа жоспарымыз көп», - деп айтты орталық жетекшісі Жібек Бисенова.

Орталықтағы түрлі бөлмелерге барып, мамандардың жұмысымен танысты. Әр маман баламен қалай жұмыс істейтінін қатысушыларға көрсетті. Бұдан соң азаматтық орталық мамандары «Мүгедектер әлемі» қоғамдық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлбаршын Нұржігітовамен кездесті. Бірлестік жетекшісі қатысушыларға мүмкіндігі шектеулі жандардың шеберханасын көрсетіп, қолөнер жұмыстарымен таныстырды.

«Бізге түрлі жастағы жандар келе алады. Олардың қолөнер жұмыстарын аукционға салып, жәрмеңкелерде сатылады. Қазіргі таңда аудандық аймақтармен байланыс жасап, бөлімшелер ашу жоспарымызда бар» деп айтты Гүлбаршын Нұржігітова.

Түскі астан соң қатысушылар «Шын жүректен» қайырымдылық дүкеніне барды. Бұл дүкеннің мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсету. Яғни, халықтан жиналған киімдер ең төмен бағада немесе көмек ретінде тегін беріледі. Сондай-ақ, ауыл-аймақтарға таратылады. Ал сатылған киімнің қаржысы дүкеннің арендасына және түрлі диагнозбен ауыратын балалардың еміне жұмсалады.